Елордадағы тұрғын алаптар жоғары жылдамдықты интернетке қосыла бастады
Астананың Көктал-2 тұрғын алабындағы жеке сектор үйлерін GPON технологиясы арқылы жылдамдығы 500 Мбит/с-ке дейін жететін жоғары жылдамдықты интернетке және цифрлық телевизияға қосу жоспарлануда.
Бұл жоба Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы мен «Қазақ үй желілері» ЖШС (Almaline сауда белгісі) бірлескен жұмысының нәтижесінде, Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Айта кетейік, аталған ауданда сапалы интернеттің болмауы шамамен 8 жыл бойы өзекті мәселе болып келген.
Байланыс желілерін қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жоғары жылдамдықты интернетке алғашқылардың бірі болып Көктал-2 тұрғын алабының батыс бөлігіндегі Баршын, Ұлытау, Саумалкөл, Құланөтпес және Айдарлы көшелерінің тұрғындары қосылады.
Алғашқы абоненттерді қосу қазан айының ортасы мен соңына жоспарланған. Одан кейін қосылу жұмыстары шығыс бағытта жалғасады. Көктал-2 тұрғын алабын талшықты-оптикалық байланыс желісімен толық қамту қараша айының ортасы мен соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін Көктал-1 және Агрогородок тұрғын алаптарында да осындай жобаларды іске асыру жоспарланған.
Жеке сектор тұрғындарына тегін қосылу, икемді тарифтік жоспарлар және сапалы сервистік қызмет көрсету ұсынылады.
Дереккөз: Астана қаласының әкімдігі https://www.gov.kz/org/astana/press/news/details/429676?lang=ru
